Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде республиканың медициналық қызметкерлері арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай - МӘМС) жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді акция басталды. Құрамында денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы қатарлы мамандары мен ҚР ДСӘДМ медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаменттерінің басшылары бар арнаулы мобильдік топтар кездесулер мен семинарлар өткізіп, МӘМС-ті енгізуге байланысты барлық сұрақтарға жауап беретін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.
Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай - ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.
Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай - ӘМСҚ) жарна төлеуді бастайды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (әрі қарай - ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:
- балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;
- ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;
- мүгедектер;
- жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
- интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;
- техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;
- бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;
- жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;
- зейнеткерлер;
- ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;
- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.
Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-ға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс.
Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады.
Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.