Қазақстанда медициналық сақтандыру 2020 жылдан бастап енгізілетін болса да, жұмыс берушілер мен жалдамалы жұмысшылары бар жеке кәсіпкерлер аударымдар жасауды жалғастыруда. Алайда кім, қанша және қашаннан бастап төлейді? Міндетті төлемге табыстың қанша сомасын аудару қажет? – деген, көпшіліктің көкейінде жүрген кейбір сауалдарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы түсініктеме беріп отыр.
2019 жылы қанша төлейміз?
2019 жылы жұмыс берушілер ғана өзінің жұмысшыларына соңғы табысынан 1,5 пайыз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударым жасайды. Атап өтетін болсақ, медициналық сақтандыру қорына аударымды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, яғни кәсіорынның жалақы қорынын жасайды, ал ағымдағы жылы қызметкерлердің жалақысына әсер етпейді, яғни ешқандай жарна ұсталмайды. Есептеудің де шектік деңгейі бар – ол он ең төменгі жалақыны құрайды (425 000 теңге). Яғни жалақыңыз осы сомадан артса да, есепке тек осы сома ғана алынады.
Елімізде 2019 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға медициналық, әлеуметтік сақтандыруға және зейнетақы жүйесіне кіруге мүмкіндік беретін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізіліп отыр.
-Бірыңғай жиынтық төлем 4 міндетті әлеуметтік төлемдер түрін біріктіреді. Бұл төлемдерге әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де еніп отыр. Оны төлеу арқылы төлемшілер 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне толық көлемде қатыса алады, - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Болат Алиев.
Сонымен қатар, БЖТ төлеушілерінің еңбек өтілі болуымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдерді (жұмыссыздық бойынша, еңбекке жарамсыздық қабілетінен айрылғанда, асырушысынан айрылғанда) алуға мүмкіндігі болады.
Республикалық маңыздағы (Алматы, Астана, Шымкент) және облыстық маңыздағы қалалардың тұрғындары үшін БЖТ мөлшері 1 ең төменгі есептік көрсеткішті (яғни бұл көрсеткіш 2019 жылы – 2525 теңгені) құрайды. Ал қалған елді мекендерде БЖТ 0,5 ең төменгі есептік көрсеткішке тең, яғни 1263 теңге.
Бірыңғай жиынтық төлем қосалқы шаруашылық өнімдерін сататын, бір реттік жұмыс атқаратын, жалдамалы еңбекті пайдаланбай басқа азаматтарға жеке қызмет көрсететін және жылына 1175 АЕК аспайтын жалақы алатын жеке тұлғалардың төлеуге мүмкіндігі бар.
2020 жылы қанша төлейміз?
Жұмыс берушілер өзінің жұмысшылары үшін аударылатын аударымды жалғастыра береді – аударым мөлшері 2 пайызға артады. Ал 2020 жылы жұмысшылардың өздері есептелген табысының 1 пайызын аудара бастайды (бұл ай сайынғы ұсталатын аударым есептеу парағында міндетті зейнетақы аударымы және жеке табыс салығымен қатар көрсетілетін болады).
Жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар, шаруа қожалықтарының қатысушылары МӘМС-ға тиісті қаржылық жылдың ең төменгі жалақысының 1,4 еселік мөлшерінің 5 пайызын төлейтін болады.
Жеке төлеушілер, яғни жұмыспен қамту орталығында арнайы тіркелмеген және жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеуі жоқ тұлғалар айына ең төменгі жалақының 5 пайызын төлейді.
2020 жылдан бастап мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін медициналық сақтандыру қорына жарна аударатын болады. Олар: балалар, зейнеткерлер, «Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы ана немесе үш жасқа дейінгі бала күтімімен отырған жұмыс істемейтін әкелер, мүгедектер, мүгедек баланы немесе бала кезден бастап бірінші топтағы мүгедек адамды күтіп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, ішкі бөлімде оқитын студенттер, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар; тергеу изоляторларындағы адамдар; жұмыс істемейтін оралмандар; жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек алушылар.
Егер Сізде медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтарыңыз болса оларды 8/7232/701-131 нөмірі бойынша Шығыс Қазақстан облысының call-орталығына, 1414 нөмірі бойынша республикалық call-орталығына жолдауларыңызға болады.