Катон-Карагайский район ВКО
с.Улкен Нарын
ул.Кабдыгали Татаева, 31

Регистратура: 872341-2-23-05 Скорая помощь: 872341-2-14-41

ДКМФК: 87232-61-81-00 Акимат ВКО: 87232-71-31-50

«Қансорғыштың» аты кене!

«Қансорғыштың» аты кене!

Қар еріп, күн жылынып, көптен күткен көктемде келіп жетті. Табиғатпен бірге кенелер де оянады.Иксодтық кенелер адамдарға үлкен қауіп төндіреді, өйткені олар адамның денесіне қадалып, қанын сорғанда кене энцефалитінің, иксодтық кене боррелиозының (Лайм боррелиозы), кене риккетсиозының және басқа да жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жұқтырады. Соның ішінде ең қауіптісі кене энцефалиті болып табылады.

Кене энцефалиті – жіті, табиғи ошақтық, жұқпалы ауру, науқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайларда адам өліп те кетіуі мүмкін.

Ауруды иксодтық кенелер таратады, олар адамның денесіне қадалып қанын сорған кезде аурудың қоздырғышын жұқтырады. Ғылыми деректерге сүйенсек, кенелердің 3-5 % ғана, кене энцефалиті вирусының таратушысы болып табылады.

Кене энцефалитінің вирусын жұқтыру қауіпі адамдардың жас мөлшері мен жынысына қарамастан, бәріне бірдей төнеді, ол адамнан адамға жұқпайды. Кене шағу қауіпі көбінесе орманды жерлерге жидек, саңырауқұлақ теруге барғанда, шөп шауып, отын жинаған кезде, балық аулап, мал баққанда, омарташылар мен аңшыларға, саяжай иелеріне, сондай-ақ, орманды жерлерде жұмыс істейтін және кене энцефалиті бойынша қолайсыз аумақтарға барған адамдарға да қауіп төнеді.

Дегенмен, кене энцефалитінің қоздырғышын орманға бармай-ақ, үй жануарлары арқылы және орманнан әкелінген гүл шоқтары мен үстідегі киім арқылы да жұқтыруға болады.

Адамдар көбінесе кене энцефалитінің вирусын сәуір, мамыр, маусым айларында жұқтырады, бұл кенелердің осы мезгілдегі белсенділігімен тұспа тұс келеді, сондықтан аурушаңдық көктемгі-жазғы кене энцефалиті деп аталған.

Кене шаққанда вирус қан арқылы ағзаға таралып, адамның миы мен жұлынын зақымдайды. Ауру кене шаққаннан соң, бірден басталмайды, аурудың айқын белгілері білінгенге дейін, әдетте біраз уақыт өтеді, осы кезде ағзада вирус дамып, көбейеді, бұл аурудың жасырын кезеңі деп аталады, ол 7-14 күнге дейін созылады. Аурудың жасырын кезеңі адам ағзасының иммундық жағдайының ерекшелігіне және ағзаға түскен вирустың мөлшеріне байланысты болады. Ауырған адамның кенеттен басы қатты ауырып, дене қызуы 38-39 градусқа дейiн көтерiледi, жалпы әлсізік, уыттану белгілері байқалады (жүрек айну, құсу). Науқастың мойын, арқа, қол еттерi әлсізденіп, ауырады, шу мен жарыққа сезгiштiгi жоғарлайды.

Дене қызуы 38-39ºС дейін көтеріліп, уыттану белгілері айқын байқалады(жүрек айну, құсу), аурудың 2-3 күндері кейбір науқастарда мойынның, қолдың, кейде аяқтың бұлшық еттерiнде әлсіздік байқалады. Беттің мойынның, қолдың бұлшық еттерінде әртүрлі құрысулар болуы мүмкін, ары қарай аяқ-қолдың салдануына әкеледі.   

Егер кене шаққаннан соң, аурудың аталған белгілері анықталса дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Науқастың диагнозы ерте анықталып, дер кезінде тиімді ем тағайындалатын болса, дертінен толығымен айығуға мүмкіндігі бар.

Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошағы 8 аумақты қамтиды: олар Глубокое, Зырян, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңайы.  

Жыл сайын кене энцефалитінің алдын алу мақсатында табиғи ошақтарда жұмыс істейтін кәсіби қауіп төнетін контингенттерге жоспарлы профилактикалық екпе егіледі.

ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаменті, ауруды емдегенше, оның алдын алу әлде қайда арзан және тиімді, сондықтан табиғат аясында серуендегенде, саяжайларда жұмыс істегенде, жазғы демалуды жоспарлағанда жеке басты кенеден қорғау шараларын сақтау - ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын естеріңізге салады.

Ол үшін қарапайым жеке басты қорғау шараларын орындау қажет:

  • табиғат аясына барғанда кенелер киімнің астына кірмеу үшін, жеңі ұзын көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың балағын шұлыққа салу және бас киім кию керек, ормелеп бара жатқан кенені тез байқау үшін киімнің ашық түсті болғаны дұрыс;
  • табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль түрінде шығарылатын химиялық заттарды, яғни репелленттерді пайдалану керек. Оларды дәріханалар мен дүкендерден сатып алуға болады;
  • орманға барғанда қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс, дем алатын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту қажет, солардың астында кенелердің көбеюіне қолайлы жағдай туады;
  • кенелер денеге жабысу үшін оңтайлы жер іздейді, олар 1-1,5 сағат уақытты қажет етеді, сондықтан сағат сайын шаштың арасын, құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарау керек;
  • орманнан келген соң, денені, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешектерді мұқият қарау керек.

Дегенмен кене адамның денесіне жабысқан болса, не істеу керек?

Жабысқан кенені өте мұқият алу керек, өйткені тұмсығы үзіліп, адамның денесінде қалуы мүмкін.

Сондықтан, кенені алғанда келесі ұсыныстарды орындау қажет:

  • пинцетпен кененің тұмсығынан қысып немесе жақындатып жіпті байлап, ақырындап бұрап, кене жұлып алу қажет.
  • Кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе іспіртпен зарарсыздандыру керек;
  • Кенені алып тастағаннан соң, қолды сабындап жуу қажет;
  • Кене шаққаннан соң 3 күннен кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге көмекке жүгіну қажет. Демалыс және мейрам күндері жергілікті травматологиялық пунктерге шағымдану қажет, олар тәулік бойы жұмыс істейді.

 

          Көктем-жаз мезгілінде демалыстарыңыз дұрыс өтсін десеңіз, кенеден қорғанудың қарапайым ережелерін сақтаңыз!

 

СӨС кабинетінің дәрігері                                                                                   Владимир Егоров