Бронх демікпесі денсаулық сақтау саласына ғаламдық мәселе тудырып, көп таралған созылмалы аурулардың бірі болып табылады. ДДҰ-ның мәліметтері бойынша әлемде 5%-ға жуық ересек және 10% бала бронх демікпесінен зардап шегеді. Бұл балалық шақта шалдығатын ең көп таралған созылмалы ауру.
Ғалымдардың болжамына сәйкес 2025 жылға дейін демікпемен ауыратын науқастар саны 100 млн. адамға артып, ғасырдың екінші жартысында әрбір екінші бала демікпеден зардап шегеді. Ауру кез келген жаста пайда болуы мүмкін, шамамен науқастардың жартысында ауру 10 жасқа дейін, үшіншісінде 40 жасқа дейін пайда болады. Бронх демікпесімен ауыратын науқас балалардың арасында қыздарға қарағанда балалар 2 есе көп. 30-шыжылға дейін жыныс арасындағы ара салмақ теңдеседі.
Бронх демікпесіне шалдығуда тұқым қуалауға бейімділік, экологияның нашарлығы, дұрыс тамақтанбау, балалық шақта жиі аллергиямен ауыру, семіздік, темекі шегу, бауырдың паразиттік ауруы, дисбактериоз және басқа аурулардың маңызы зор. Сонымен, тыныс алу жолдарының тітіркенуіне тозаң түріндегі табиғи аллергендер, көліктің пайдаланылған газы, темекі түтіні, жұмыс орнындағы химиялық заттар алып келуі мүмкін, үйдегі аллергендерге кілемдер, жастықтарда өмір сүретін шаң кенесі, сондай-ақ үй жануарының жүні жатады.
Ата – аналар балаға бөлмеде тазалықты сақтауға, үнемі желдетіп және жиі ылғалдап сүртіп тұруға үйрету қажет. Осы шараларды бәрі бір мақсатқа жетуге – тұрғын үйде шаңдар мен ауру тудыратын бактериялардың жиналмауының алдын алуғабағытталған.
Бастапқы алдын алудың қауіпті топқа жататын адамдар үшін маңызды. Дәрігерлер мына адамдарда бронх демікпесіне шалдығу мүмкіндігінің жоғары екендігі туралы үнемі ескертеді:
- Шылымқорлар
- Демікпеге генетикалық бейім адамдар
- Атопиялық дерматит пен ауырған адамдар
- Аллергияның кез келген түрінен (азық-түліктерден бастап мерзімдік және дәрілік аллергиядан) зардап шегетіноларға бейім адамдар
- Тыныс алу жолдарының түрлі ауруларының (әдетте суық тию) салдарынан бронхтың обструктивті синдромының айқын белгілері бар адамдар.
Қауіп – қатер жоғары топтағы адамдар бронх демікпесінің бастапқы алдын алу шараларын сақтауға назар аудару керек.
Бастапқы профилактикаға:
- Экологиялық жағдайды (тұрғылықты жерді уақытша немесе үнемі ауыстыру) жақсарту (мүмкіндігіше).
- Ғимаратты үнемі тазалап отыру, үйде кілемдер, кітаптар мен жұмсақ ойыншықтардың (әсіресе жатын бөлмесіндегі) санын азайту қажет.
- Жеке гигиена ережелерін сақтау.
- Мүмкіндігінше үйде жануар ұстамау.
- Тұрмыста гипоаллергенді заттарды қолдану.
- Дұрыс тамақтану, тағамдық қоспаларды аз қолдану арқылы сапалы азық-түліктерді тұтыну.
- Түрлі дезодоранттар мен парфимериялық өнімдерден бастап ауа сергіткіштер секілді аэроаллергендерді аз қолдану.
- Жұмыс жағдайына сәйкес келмейтін факторларды жою. Бронх демікпесінің белгілері көбейсе, жұмысты мүлде ауыстырған дұрыс.
- Респираторлық инфекцияларды уақытында емдеу.